Түркістан облысында әлеуметтік көмекке қатысты жалған құжат әзірлегендер анықталды деп хабарлайды Ertenmedia.
Жетісай ауданында арнайы комиссия «әлеуметтік көмекке мұқтаж емес» деп танығанына қарамастан, 18 отбасыға 3,1 млн теңгенің жәрдемақысы негізсіз төленген.
Сарыағаш ауданына қарасты Қапланбек ауылдық округінде де осыған ұқсас заңсыз әрекет орын алған.
Округ әкімінің орынбасары мен учаскелік комиссия хатшысы өзге комиссия мүшелерінің атынан жалған қорытынды құжаттарын әзірлеп, 56 өтінішті негізсіз мақұлдап жіберген.
Соның салдарынан мемлекеттік бюджеттен бөлінген 9,7 млн теңге орынсыз жұмсалған.
Заңсыздық облыс прокуратурасының атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға жүргізген тексерісі кезінде анықталды. Прокуратура өрескел әрекетке жол берген қызметкерлерді тәртіптік жауапқа тартып, бюджет қаржысын кері қайтару туралы талап қойды. Қазір құзырлы органдар бұл мәселені қарастырып жатыр. Ertenmedia хабарлайды.