Маңғыстаудағы жерасты мешіттері әлемдік деңгейде мойындалуы мүмкін. Қазақстан тарапы өңірдегі ерекше сәулет ескерткіштерін UNESCO Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізуді ұсынып отыр. Бұл бастама жүзеге асса, Маңғыстаудың қасиетті орындары халықаралық қорғауға алынып, жаһандық мәдени кеңістіктегі орны айқындалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жерасты мешіттерінің тарихы Ұлы Жібек жолымен бірге келген алғашқы уағызшылар кезеңімен байланысты. Олар табиғи жартас қойнауын шауып, ерекше архитектуралық әдіспен салынған. Мұндай нысандар тек діни орын ғана емес, сол дәуірдегі дүниетаным мен рухани өмірдің айнасы саналады.
Олардың ішінде ең танымалдарының бірі – Шопан-ата мешіті. Бұл кешенде жұмсақ тастан ойылған 12 бөлме бар. Орталық залда намаз бағытын көрсететін ағаш тіреулер орнатылған. Ал Қараман-ата мешіті аймақтағы жалғыз жерасты ғибадатханасы ретінде ерекшеленеді. Оның іші күрделі лабиринтке ұқсайды, ирелеңдеген дәліздер мен құпия бөлмелерден тұрады. Шақпақ-ата мешіті болса крест пішінінде ойылып, мінәжат етуге арналған арнайы орындарымен және тақуалардың оқшау өмір сүрген бөлмелерімен ерекшеленеді.
Қазіргі таңда бұл ескерткіштердің ЮНЕСКО тізіміне ену мүмкіндігін ICOMOS сарапшылары зерттеп жатыр. Қазақстанға арнайы келген, тарихи нысандарды қалпына келтіру саласында танымал маман Фиген Кывылджим Чоракбаш осы нысандарға кәсіби баға беруде.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл мәселенің ел үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет бұл бағыттағы жұмыстарды ерекше бақылауға алған. Егер халықаралық сарапшылар оң қорытынды берсе, Маңғыстаудың жерасты мешіттері әлемдік мәдени мұраның бір бөлігіне айналып, олардың сақталуы мен зерттелуі жаңа деңгейге көтеріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







