Алматының Әуезов ауданында толассыз жауыннан кейін Аманжол мен Яссауи көшелерінде жол опырылып кетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға орнына қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев барып, жағдаймен тікелей танысты. Қалалық әкімдік мәліметіне қарағанда, Аманжол көшесіндегі жол жабыны инженерлік желі тарту жұмысын «Спецстрой Групп ЛТД» серіктестігі аяқтаған аумақта бүлінген. Асфальтты толық қалпына келтіру газ құбырына қатысты жұмысқа байланысты кейінге шегерілген. Алайда нөсер су мен борпылдақ топырақ жолдың опырылуына әкелген.
Алмасхан Сматлаев жөндеу мерзімін созу тұрғындарға қосымша қауіп тудырғанын айтып, мердігер ұйымдардың әрекетін сынға алды. Оның сөзінше, мұндай шешім қауіпсіздікке кері әсер еткен.
Яссауи мен Дастан көшелерінің қиылысында да жағдай күрделі. Ол жерде шамамен 100 шаршы метр аумақта жол шөккен. Аталған аумақта бұған дейін «Спецкоммунстрой» компаниясы кәріз жүйесін орнатқан. Алдын ала болжам бойынша, траншеяны жаңбыр суы шайып кеткен, ал топырақ тиісті деңгейде нығыздалмаған.
Қала әкімінің орынбасары құрылыс нормасына сілтеме жасау мердігерді сапаға қатысты жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Ол компанияларға төрт күн уақыт беріп, екі ауысыммен жұмыс істеп, жолды толық қалпына келтіруді талап етті. Сматлаевтың айтуынша, Алматыда жаңбырдан кейін мұндай жағдай енді қайталанбауға тиіс.
Қазір екі көшеде де қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Аумақта жұмысшы мен техника жұмылдырылған. Жөндеу барысы әкімдік бақылауында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







