Алматыда Justking31 лақап атымен танымал блогер Нұрбек Нұртазаға заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін айыппұл салынды деп хабарлайды Ertenmedia.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, блогердің парақшасында күн сайын екі қабатты үй, смартфондар және ақшалай ұтыстар ойнатылып келген.
Қатысу үшін қолданушылар «Oilan Lab» ЖШС-ның «оқыту курсына» 29 990 теңге төлеуі тиіс болған. Жеңімпаздар кездейсоқ тәсілмен, яғни «Ғажайып алаң» құрылғысының көмегімен анықталған.
Тергеу материалдары Сауда және спорт министрлігінің лотерея қызметін реттеу комитетіне жолданып, блогердің әрекеті ҚР Әкімшілік кодексінің 445-1-бабына («Лотерея және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзу») қайшы екені анықталды.
Сот шешімімен блогерге 300 АЕК көлемінде (1 179 600 теңге) айыппұл салынды.
«Аккаунт иесі кінәсін толық мойындап, салынған айыппұлды төледі», – делінген ведомство хабарламасында.