Жамбыл облысында мектепте еден жуушы болып жұмыс істейтін қызметкер басшылық тарапынан қысым көргенін мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.
Айтуынша, осы күнге дейін жалақысының 50 пайызын мектеп директоры алып келген.
Президент Тоқаевқа үндеу жолдаған Мәдина Майрықова болған жағдайды егжей-тегжейлі баяндап берді.
Оның мәлім еткеніндей, ол 2022 жылдың желтоқсанынан бастап Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы Балалар шығармашылығы және тәрбие орталығында еден жуушы болып істеген, кейіннен вахтерлік қызметке ауысқан.
2024 жылдың қаңтарынан бастап мекеме басшысы Еркін Сайлауұлы оған қысым көрсете бастаған.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жамбыл облысы Байзақ ауданы ДЮТС директоры Еркін Сайлауұлы қызмет бабын асыра пайдаланып, бізді жұмыс уақытында өзінің таныстарының үйінде шөп жұлуға, тазалық және жөндеу жұмыстарын істеуге мәжбүрледі. Сонымен қатар, жұмысқа орналасқалы бері жалақымның 50 пайызын алып отыр», – дейді арыз иесі.
Мәдина Майрықова өзінің сөзін растайтын барлық дәлелдерді әлеуметтік желіге жариялайтынын жеткізді.
«Қолымда директордың шаруашылық меңгерушісі арқылы жалақымнан ақша алып отырғаны туралы түбіртектер бар. Бұдан бөлек, директор менің есепшотым арқылы мұғалімдерден және маған белгісіз басқа тұлғалардан ақша алып отырғаны туралы түбіртектер де сақталған», – деді ол.
Арыз иесі осы мәселе бойынша Жамбыл облыстық прокуратурасына шағымданған. Бірақ облыс прокуратурасы істі қайтадан Байзақ ауданына жолдап, директорды қорғаштап отыр деп санайды.
Оның пікірінше, бұл істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарауы тиіс еді, себебі басшы лауазымды тұлға болып есептеледі.Майрықованың үндеуі Тараздағы танымал заңгер Бибарыс Патейевтің парақшасында жарық көрді.
Редакция қарсы тараптың да пікірін жариялауға әзір.