Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді саудалаудың нақты схемасы қалыптасқан. Осы жылдың өзінде ғана нәресте саудасына қатысты 19 қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма басшысының орынбасары Шынар Көшербаева айтып берді.
Оның сөзінше, баласын сатуға бел буғандар мен бала асырап алғысы келетін адамдар арасында арнайы делдалдар жұмыс істейді. Олар жағдайды пайдаланып, екі тарапты табыстырады да, ортасынан олжа алады.
«Бұл жерде үш тарап бар: бір жағынан бала сүйе алмаған ата-аналар тұрса, екінші жағында баласынан бас тартқысы келетін адамдар бар. Екі жақты табыстырып, ақша табу үшін әрекет ететіндер делдалдар», дейді маман.
Нәрестесін сатуға көбінесе қаржылық жағдайы қиын әйелдер мәжбүр. Олардың арасында қалаға жұмыс іздеп келген бойжеткендер, көпбалалы аналар да кездеседі.
Бір нәрестенің бағасы 500 мың теңгеден басталып, 1-1,5 миллион теңгеге дейін барады.
«Бұл қымбат немесе арзан деген әңгіме емес. Адамды тауар ретінде саудалау ауыр қылмыс. Бала сатқан да, сатып алған да бірдей жауапқа тартылады», — дейді Көшербаева.
Балалар саудасына қатысты қылмыс бүкіл ел бойынша анықталған. Биылғы жылы мұндай фактілер шетелге бала шығаруға қатысты болмаған. Анықталған жағдайлардың бәрі ішкі нарықтағы әрекеттер.
Көшербаеваның айтуынша, құқық қорғау органдары бала саудасын анықтау үшін арнайы мониторинг жүргізеді. Қазір осы салада интернеттің рөлі ерекше назарда. Өйткені кейбір сайттарда бала саудасы астыртын жарнамаланатыны белгілі болған.
«Желіде: «Баламызды жақсы адамдардың қолына береміз, өтемақы алсақ» деген сияқты хабарландырулар жиі кездеседі. Олардың бәрі мұқият тексеріледі», — дейді маман.
Ал Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының басшысы Әділет Тоқтамысовтың айтуынша, интернетте балалар саудасын жасырын жарнамалайтын арнайы сайттар да бар екені анықталған.
«Әзірге мұндай жарнамаларды сөз бостандығы ретінде қарау керек пе, әлде қылмыстық әрекет деп тану керек пе бұл бағытта әлі талдау жасалуы тиіс. Осы үшін сарапшылар жұмыс істейді», – дейді Тоқтамысов.
Оның айтуынша, баласын саудаға салатын ата-аналардың басты уәжі әлеуметтік жағдайының төмендігі. Құқық қорғау органдары аталған бағытта жұмысты күшейтіп, интернет ресурстарды бақылауға ерекше басымдық бермек.