Қазақстанның Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі (ҰБТ) терең трансформацияға ұшырайтын болды.
Президент Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары аясында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Educational Testing Service (ETS) ұйымымен маңызды келіссөз жүргізген, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әлемге танымал тестілеу компаниясының үздік мамандары қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылып, ҰБТ-ның әдістемесі мен мазмұны түбегейлі өзгертіледі.
Министр Нұрбектің айтуынша, жаңа тестілеу форматы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді әрі сұрақтардың сапасы жоғары деңгейге көтеріледі.
Президент сапары аясында білім және ғылым саласына қатысты тағы бір маңызды кездесу Смитсон институтының басшылығымен өткен. Бұл АҚШ-тағы ең беделді ғылыми орталықтардың бірі.
Кездесу қорытындысында «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақстандық тарихшы, антрополог, мәдениеттанушы ғалымдар осы институтта ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.
Айта кету керек, Смитсон институты әлемдегі ең ірі ғылыми-зерттеу кешені. Оның құрамында 21 музей, 14 ғылыми-білім беру орталығы, бірнеше кітапхана мен ұлттық зообақ бар. Енді қазақстандық ғалымдарға осы орталықтың есігі ашылады.

