Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қымбаттатқан мыңнан астам сауда нүктесіне айыппұл салынды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әлеуметтік тауарларға белгіленген 15 пайыздық үстемеден асырған кәсіпкерлерге бақылау күшейетінін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Осы бағытта министрдің қатысуымен елдегі ірі сауда желілері басшыларымен және облыс әкімдерінің орынбасарларымен кеңейтілген жиын өтті. Оған Magnum Cash&Carry, Small&Skif, Anvar, Dina, Dana, Norma, Metro, Toimart секілді ірі желілердің өкілдері қатысты.
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері сауда ережесін бұзғандарға қатысты 2562 әкімшілік шара қолданылған. Оның ішінде жалпы сомасы 56,5 млн теңгеден асатын 1360 айыппұл мен 1202 ескерту бар.
Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын шектен асырғандарға қатысты жеке алғанда 2191 іс қозғалған, олардың 1020-сы нақты айыппұлға ұласты.
Сондай-ақ, ет бағасының негізсіз қымбаттауына байланысты 45 сатушыға әкімшілік шара қолданылып, 33 жағдайда айыппұл салынған.
Өңірлік комиссиялар да жыл басынан бері 747 отырыс өткізіп, нәтижесінде 2301 заңбұзушылық анықталған. Осы кезеңде 345 тиімсіз делдал нарықтан шығарылды. Министрлік жүргізген электронды шот-фактураларға талдау барысында 9015 тауар тізбегінің ішінен 823-і күмән тудырған.
Сонымен қатар, министрлік әлеуметтік тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында ел көлемінде «Береке Fest» акциясын бастайды.
Оның аясында ірі сауда орындарында отандық өндірушілерге арнайы орындар бөлініп, жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек пен ет өнімдері нарықтағы бағадан төмен сатылмақ. Министрлік осы шара ішкі өндірушілерді қолдауға және әлеуметтік тауарлар бағасын төмендетуге ықпал етеді деп отыр.

