Маңғыстау облысында әскери борышын өтеп жүрген 18 жастағы сарбаз әлімжеттікке шыдамай, өз-өзіне қол салмақ болған. Жас жігіт қазір психиатриялық орталықта жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia Информбюроға сілтеп.
Оқиға Бейнеу ауданындағы №99116 әскери бөлімінде болған. Сарбаздың анасы Лаура Шынтемірованың айтуынша, ұлын әскерде ұрып-соғып, психологиялық тұрғыдан әбден қорлаған.
Әскери басшылық сарбаздың ауруханаға түскенін отбасынан жасырып қалған. Анасы бұл туралы басқа сарбаздардың ата-аналарынан кездейсоқ естіпті.
«Маған командир хабарласып, ұлымның жүрегі мен бүйрегінде ақау бар, емханаға апарамыз деген. Ал шындығында оны жасырын түрде психдиспансерге жатқызыпты. Басқа ата-аналардан естімесем, бұдан мүлде хабарсыз қалар едім», – дейді сарбаздың анасы.
Әскерде жас сарбаздарға дәретхана тазалатып, ауыр жұмысқа жегеді екен. Анасының айтуынша, ұлын жеке үйлердің бірінде кірпіш тасып, құрылыс жұмыстарына да мәжбүрлеген.
Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқановтың айтуынша, ауруханаға өз-өзіне қол салмақ болған үш әскери жігіт жеткізілген.
«Олардың білегінде тілінген жарақаттар бар. Қазір психологтар мен психотерапевтер көмек көрсетуде», – деп қысқа қайырыпты Тоқанов.
Оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеу басталды.
Еске сала кетсек, өткен аптада Алматы облысында 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбек жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Әскерилер ол өзіне қол салғанын мәлімдеді, алайда марқұмның отбасы бұл нұсқаға сенбей, әділ тергеуді талап етуде.