Қазақстан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын реттеу жүйесінен бас тартып, халықты қолдаудың жаңа тәсіліне көшеді деп хабарлайды Ertenmedia.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында бұған дейінгі бағаны реттеу әдісін нарыққа жасаған қысым деп атады. Министрдің пайымынша, әлеуметтік маңызды өнімдер тізімін жасақтап, өндірушілерге бағаны таңып беру ескірген әдіс.
Жаңа жүйеге сәйкес, Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында пилоттық жоба басталды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар цифрлық азық-түлік ваучерін алады. Мұндай ваучер жыл бойы азық-түлікті жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді.
«Бұл тәсіл әлдеқайда тиімді. Өндірушілер де, тұтынушылар да әкімшілік қысымнан босайды. Нарықтың тынысы кеңейіп, бәсеке күшейеді», – деді Шаққалиев.
Оның айтуынша, ӘМАТ тізімінен бірден бас тартылмайды. Биылғы пилот аяқталған соң, 2026 жылы жоба бүкіл ел көлемінде іске қосылады. Әзірге, өтпелі кезеңде тауарларға 15 пайыздық үстеме шегі сақталады.
Министрдің сөзіне қарағанда, баға тізбегіндегі жасанды қымбаттауды болдырмау үшін жаңа заңнамаға сауда сыйақысын реттеу тетігі енгізіледі.
«Қазақстан нарық ережесін өзгертіп, «жоғарыдан» бекітілген бағадан бас тартып жатыр. Ал ваучерлік жүйе нарықты реттеудің емес, халықты қолдаудың құралына айналады. Министрлік нарық пен халықтың арасын цифрлық технология арқылы жалғап, әкімшілік тетіктерді өткен шаққа аттандырмақ», — дейді осы тұста сарапшы Айбар Олжай.