Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы басталды деп хабарлайды Ertenmedia.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп мінберге шыға салысымен техникалық ақауға шағым айтып, суфлердің істемей тұрғанын жеткізді.
«Суфлер істен шықты. Бірақ онсыз-ақ сөйлеп беремін», – деді Трамп, сөйлеу мәнерін одан сайын ашық ете түсу үшін мұның тиімді боларын айтты. Дегенмен, техникалық ақауға жол бергендерді қатаң жазалайтынын ескертіп өтті.
Ақ үй басшысының бұл жолғы сөзінде өткір мәлімдеме көп болды.
«Мен президенттік қызметімде жеті бірдей ұзаққа созылған соғысты аяқтадым, соның ішінде Кәмбоджа мен Таиланд, Косово мен Сербия, Коңго мен Руанда, Пәкістан мен Үндістан, Израиль мен Иран, Египет пен Эфиопия, Армения мен Әзербайжан қақтығысы бар. Біреулер маған осы еңбегім үшін Нобель сыйлығын беру керек дейді. Бірақ мен үшін ең үлкен сыйлық енді осы елдерде соғыстың тоқтап, балалардың аман қалатыны», – деді Трамп.
Ол БҰҰ әлеуеті зор ұйым болғанымен, оны толық іске асыра алмай отырғанын сынады.
«Америка БҰҰ-дан тек екі сыйлық алды: істемейтін эскалатор және сынған суфлер», – деді ол.
Трамп Украинадағы соғысты Бәйденнің қателігі деп атады.
«Егер мен президент болып қалғанда, Украинадағы соғыс мүлде болмас еді. Барлығы соғыс үш күнде Ресейдің жеңісімен аяқталады деп ойлады. Бірақ олай болмады. Бұл Ресейге абырой әпермейді, керісінше беделінен жұрдай қылды», – деді Трамп.
Сондай-ақ, ол Еуропа елдерінің Кремльмен күресіп тұрып, Ресейден энергия ресурстарын сатып алуын екіжүзділік деп бағалады.
«Ресей мұнайын ең көп сатып алып жатқан елдер Қытай мен Үндістан. НАТО-ға мүше елдер де әлі толық бас тартпаған. Мәскеудің мұнайын сатып алуды тоқтатсаңыздар, соғыс та тоқтайды», – деп атап өтті ол.
Трамп ядролық қаруды тоқтатуға шақырып, егер Иранның ядролық қаруы болса, әлемнің ақыры таяу екенін ескертті.
«Ядролық немесе биологиялық қару жасауды біржолата тоқтату керек. Егер бұған жол берсек, БҰҰ-ның өзі де жойылып кетеді», – деді ол.
Сонымен бірге, АҚШ президенті Кремльге бейбіт келісімге келмеген жағдайда ауыр тарифтер салуға дайын екенін жеткізді.
«Мен Еуропаның қазіргі жағдайына алаңдаймын. Энергетикалық дағдарыс пен миграция оны құрдымға сүйреп барады», – деп ескертті ол.
Жасыл энергетика тақырыбын Трамп «аса ірі алаяқтық» деп, климаттың өзгеруі жайлы ескертулерді «ғасырдың ең үлкен өтірігі» деп атады.
Сөз соңында ол Газа секторындағы соғысты тоқтатып, тұтқындарды босатуға шақырды, бірақ Палестинаны мемлекет ретінде тануды ХАМАС-қа тым үлкен сыйлық болатынын жеткізді.
Бүгінгі баяндама Дональд Трамптың БҰҰ мінберінен 2020 жылдан бері алғаш рет сөйлеуі.
Айта кетейік, Бас Ассамблеяның жалпы дебатының ашылу салтанатында президент Тоқаев та сөз сөйлейді. Мемлекет басшысының баяндамасы Астана уақытымен 22:00-23:00 шамасында өтеді деп күтілуде.