Батыс Қазақстан облысында бюджетке 1,8 млрд теңге қарыз болған «Baystone» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Ertenmedia.
«Орал апталығы» басылымының ақпаратына сәйкес «Baystone» компаниясы әлеуметтік-көкөніс тұрақтандыру қорына жүздеген миллион теңгеге картоп жеткізуі тиіс болған. Оған қоса мемлекеттен тағы бір миллиард теңге көлемінде қаражат алып, ірі көкөніс қоймасын салуға міндеттенген. Алайда аймақта жаңа қойма да, жеткізілетін картоп та жоқ.
«Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, бөлінген қаржы түгелдей дерлік компания иелерінің жеке мүддесіне жұмсалған.
Осыған байланысты Орал қаласының соты «Baystone» компаниясынан 1,8 миллиард теңгені мемлекетке қайтаруды талап етті. Қазіргі уақытта компанияның банк есепшоттары мен мүлкі тұтқындалған.
Компанияға қатысты тағы бір күдік мемлекет есебінен сатып алынған картопты фирма көрші Ресейге апарып, әлдеқайда қымбатқа сатуы мүмкін деген болжам бар.
Айта кетейік, «Baystone» компаниясын әу баста белгілі кәсіпкер, бұрынғы депутат әрі «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған Серғазы Исембаев құрған болатын.
Алайда ол биылғы ақпанда кәсіпорынды БҚО әкімінің бұрынғы орынбасары, қазір кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Станислав Качалоға сатып жіберген. Сөйтіп, миллиардтаған берешегі бар компанияның қазір ресми иесі Качало болып отыр.