Түркістан облысында «Қорғау — қауіпті жүргізуші!» мобильдік қосымшасы арқылы 11 мыңнан астам автокөлік анықталып, барлығы арнайы айыптұраққа жеткізілді.
Көлік жүргізушілеріне жалпы құны 1 млрд 163 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Ержігітұлы мәлімдеді.
— Биыл 14 қыркүйек күні «Бір күн – жол-көлік оқиғасыз» акциясы барлық ауданда бір уақытта өткізілді. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты облыс көлемінде 2 575 білім беру ұйымының алдында жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылды.
Жыл басынан 39 мыңнан астам жол апатына тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтардың жолы кесілді. Атап айтқанда, 38 116 жаяу жүргінші жолдан өту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, 524 көлік жүргізуші жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сонымен қатар, 605 жүргізуші көлікті спирттік ішімдік ішіп басқарғаны үшін көлік жүргізу құқықтарынан шеттетілді. Жыл басынан бері жол қозғалысы саласында 673 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ішкі істер министрінің нұсқауы бойынша биыл 15-30 қыркүйек күндері аралығында республика көлемінде «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шарасының негізгі мақсаты – жол қозғалысы қатысушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, жол көлік оқиғаларының санын азайту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету, — деді спикер.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі