Бүгін Qonaev Media телеарнасы ресми түрде эфирге шығып, өз жұмысын бастады. Арна еліміздің барлық өңіріндегі көрермендерге Alma TV және Otau TV платформалары арқылы қолжетімді. Эфир күн сайын таңғы 08:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жалғасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа телеарна өзін Алматы облысы мен жалпы Қазақстанның өмірін қамтитын заманауи медиаресурс ретінде таныстырып отыр. Эфирлік желіде жаңалықтар, талдамалық бағдарламалар, ток-шоулар, сұхбаттар, деректі фильмдер мен ойын-сауық жобалар көрсетіледі. Контент құрылымында әлеуметтік бастамалар, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт және экология тақырыптарына басымдық берілген.
Арна басшысы Қымбат Хангелдинаның айтуынша, Qonaev Media-ның негізгі мақсаты – көрерменге жақын болу және өңір мен елдің шынайы өмірін көрсету. Оның сөзінше, эфир тек ақпарат таратып қана қоймай, аудиторияға әсер етіп, оларды қоғамдағы оқиғалардың белсенді қатысушысы ретінде сезіндіруі тиіс.
Арна ұжымы кең аудиторияға арналған мазмұн әзірлеуге мән беріп отыр. Мұнда ақпараттың нақтылығы, бағдарламалардың қарқынды форматы және жеңіл қабылданатын стиль үйлестірілген. Осы арқылы Qonaev Media жаңа форматтағы өңірлік әрі ұлттық деңгейдегі телеарна ретінде өз орнын қалыптастыруды көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







