Астанада дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аясында Алматы облысының өнімдері ұсынылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Елордаға шамамен 180 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілген. Тұрғындар 40-тан астам түрлі азық-түлік түрін сатып ала алады. Оның ішінде 13 тонна ет пен құс еті, 25 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 21 тонна картоп және табиғи өнімдер бар. Жәрмеңкедегі баға нарықтағыдан шамамен 15 пайызға төмен белгіленген.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, мұндай жәрмеңкелер өңірлер үшін де, қала тұрғындары үшін де тиімді. Өңір жыл сайын өз өнімін тікелей ұсынып, делдалсыз сауда жүргізуге мүмкіндік алады. Биыл негізгі басымдық алма мен ет өнімдеріне берілген. Сонымен қатар сүт өнімдері де әкелінген.
Өнім тасымалдау барысында қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған. Барлық жүк көліктері алдын ала техникалық тексерістен өткен. Санитарлық нормалар толық қамтамасыз етіліп, азық-түліктің сапасына ерекше назар аударылған.
Осындай жәрмеңкелер елорда тұрғындарына балғын әрі қолжетімді өнім алуға мүмкіндік берсе, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімін тиімді өткізуге жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







