Алматы әуежайынан көзге түскен әйгілі Джеки Чанның Қазақстанға келу себебі көпшіліктің қызығушылығын туғызған болатын. Ақпарат құралдары әр қырынан жазғанмен, шын мәнінде оның сапарының астарында үлкен мәдени әрі кинематографиялық серіктестік жатқанын Ertenmedia анықтады. Аңызға айналған актер, режиссер, сценарист әрі продюсер Джеки Чан Salem Entertainment командасымен арнайы кездесіп, Қазақстанда түсірілетін жаңа бірлескен жобаны талқылауға келіпті.
Salem Entertainment өкілдерінің айтуынша, түсірілімнің негізгі бөлігі Қазақстан аумағында өтпек. Джеки Чан Алматыға келгенде болашақ картинаның түсірілім алаңдарын аралап, табиғи көріністердің кино өнеріне қандай әсер беретінін бағамдаған.
Қазақстанның кең байтақ даласы, әсем табиғаты мен заманауи қалалары әлемдік киножобаларға әбден лайық екені белгілі. Осы орайда Чанның таңдауы біздің елге түсуі – тек қазақстандық кино үшін ғана емес, бүкіл мәдениетіміздің әлемдік деңгейде танылуына үлкен мүмкіндік.
Қазірдің өзінде Salem Entertainment пен Джеки Чан командасы жобаның дайындық кезеңін бастап кетті. Әрине, сценарий мен оқиға желісі жайлы толық ақпарат әзірге құпия сақталуда.
Дегенмен, компания өкілдері бұл туындының көрермендерді таңғалдырмай қоймайтынын айтады. Қазақстандағы кино өндірісін дамытуға осындай халықаралық серіктестіктердің маңызы зор. Өйткені, ірі жобалар тек экрандағы туынды емес, ел экономикасына да пайда әкелетінін ескерген жөн. Жергілікті мамандарға жаңа тәжірибе, жастарға жаңа мүмкіндік, туризмге жаңа серпін береді.
Осы оқиға қазақстандықтардың көңілін көтеріп қана қоймай, кино саласындағы үмітін де арттырды. «Бізді үлкен жаңалық күтіп тұр» деген Salem Entertainment өкілдерінің сөзі көп нәрсені аңғартады. Халықаралық жобаның жүзеге асуы – елдің шығармашылық әлеуетін көтеріп, кино нарығындағы орнын нығайтуға айтарлықтай ықпал етпек.