Тигран Эдмондович Кеосаян өмірден өтті. Бұл жағдай орыс ақпарат кеңістігі үшін орын толмас қаза екені анық. Өйткені Кеосаян тек өнер адамы болып қана қойған жоқ, соңғы жылдары саяси пропаганданың алдыңғы шебінде тұрды. Оның есімі Ресейдегі «империялық көзқараспен» байланысты аталып, Қазақстанға қатысты да шектен шыққан пікірлері ел жадында қалды.
Кеосаянның өмір жолы өнерден басталды. Ол кинорежиссер Эдмонд Кеосаянның отбасында дүниеге келіп, жасынан мәдени ортада тәрбиеленді. ВГИК қабырғасынан түлеп шыққан соң, алғашқыда музыкалық клиптер түсіріп, кейін үлкен киноға бет бұрды.
«Бедная Саша», «Ландыш серебристый» секілді фильмдері кеңестен кейінгі кеңістікте белгілі болды. Әкесінен дарыған өнерді жалғастырғандай көрінгенімен, уақыт өте келе оның шығармашылығынан гөрі саяси ұстанымдары көп талқыланатын болды.
2000 жылдардан бастап Кеосаян теледидарда жиі көрінді. Ол жүргізген бағдарламаларда Ресейдің сыртқы саясатын жақтап, көршілес елдерді жиі сынға алды. Әсіресе, Украинадағы соғыстан кейінгі жылдары оның мәлімдемелері шетелдік басылымдардың назарын аударды.
Қазақстанға қатысты айтқан орынсыз пікірлері де халық арасында қызу талқыланған еді. Сол үшін оған қарсы санкциялар жарияланып, біздің елге кіруіне тыйым салынған болатын.
Өмірінің соңғы кезеңінде Кеосаянның денсаулығы күрт нашарлап, бірнеше ай комада жатты. Жанында өмірлік серігі Маргарита Симоньян болды. Ол жұбайының жағдайы туралы жиі хабарлап, үмітін үзбей, «қалпына келеді» деп сенім білдіргенімен, Кеосаян есін жия алмады. 2025 жылдың 26 қыркүйегінде ол мәңгілікке көз жұмды.

