Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың БҰҰ-дағы сөзі наразылыққа ұласып, бірқатар араб елдерінің өкілдері жиын залынан шығып кетті деп хабарлайды Ertenmedia.
Нью-Йоркте өтіп жатқан Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясында Нетаньяху сөзін бастамас бұрын, ХАМАС ұйымының 2023 жылғы 7 қазанда жасаған шабуылы туралы арнайы бейнежазба көрсетілді. Жазбада қарулы топ мүшелерінің камерасына түсіп қалған шабуылдың кадрлары бар еді.
Иран делегациясы бейнежазба басталған сәтте-ақ залдан шығып, өз орындарына Израиль әскерінің шабуылынан зардап шеккен бейбіт тұрғындардың фотосуретін қалдырып кеткен.
Өз кезегінде Израиль премьері ХАМАС-ты қаруды тастап, кепілге алынған азаматтарды босатуға шақырды.
«Қару тастап, кепілдегілерді түгелдей босатсаңыздар, өмір сүресіздер», – деді Нетаньяху БҰҰ мінберінен.
Сондай-ақ Израиль басшысы АҚШ президенті Дональд Трампқа қолдауы үшін алғыс білдіріп, кейбір Батыс елдерінің басшыларын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, Палестина мемлекетін мойындау терроризмнің күшеюіне ықпал етіп отыр.
Аймақ мәселесін қозғаған Нетаньяху Иранның әлі күнге дейін уран қорын сақтап отырғанын айтып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Тегеранға санкцияларды қайта күшейтуді талап етті.
Сонымен қатар ол Сирияның жаңа басшысы Ахмед аш-Шараамен келіссөз жүріп жатқанын растап, Израиль қауіпсіздігі мен Сирия егемендігіне негізделген уағдаластық мүмкіндігін жоққа шығармады.
Бұдан бөлек, Ливан үкіметіне үндеу жолдап, «Хезболланы» қарусыздандыру бойынша келіссөздерді бастауға шақырды.
Нетаньяхудың сөзін жиынға қатысушылардың көбі жақтырмаған сыңай танытты. Al Jazeera ақпарына сәйкес, залда наразылық гулі естіліп тұрды.
Ал ғимарат сыртында жүздеген адам жиналып, Израильдің Газа секторындағы әскери операциясын айыптады. Наразылар Израиль билігін бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізуге кедергі жасап, мыңдаған адамның қазасына себепкер болды деп кінәлады.
Бұған дейін Түркия президенті Ердоған да БҰҰ мінберінен сөз алып, Газа секторындағы ахуалды қатаң сынға алған. Ердоған жиын кезінде Газада аштықтан қиналған әйелдер мен балалардың суретін көрсетіп, әлем елдерін Палестинаның тәуелсіздігін мойындауға үндеген еді.

