Алматыда жеке инвесторлардың қаржысына 11 қонақүй салынды деп хабарлайды Ertenmedia.
Қалалық туризм басқармасының дерегінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында Алматыда туристерді орналастыру қызметінің жалпы көлемі 50,1 млрд теңгеге жетті. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 16,6 пайызға жоғарылаған.
Қазір қалада бір мезгілде 22 768 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Алматыдағы нөмірлік қор да артып, өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға ұлғайды. Бүгінде қалада туристер мен іссапармен келген қонақтарға 12 552 бөлме қызмет көрсетуде.
Туризм басқармасы Алматының туристік әлеуеті жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын атап өтті.
«Қалаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Ішкі және шетелдік туристер саны тұрақты өсуде. Туризм саласына бағытталған жаңа жобалар жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытып, қалада демалуды жайлы әрі қолжетімді етіп отыр», – делінген басқарманың хабарламасында.
Жалпы, 2025 жылы Алматыда жеке инвесторлар есебінен туризм саласында 34 жаңа нысан іске қосылды. Оның ішінде 11 қонақүй, бір глэмпинг, бір капсулалы қонақүй, 18 хостел және үш демалыс базасы бар.
Бұдан бөлек, қала әкімдігінің жобалық офисі қазір 6794 нөмірлік тағы 58 қонақүйдің құрылысын және 35 туристік нысанның жобалануын бақылауда ұстап отыр.

