Қазақстанда шетелден тоқпен жүретін көлік әкелуге арналған жеңілдік квотасы таусылуға жақын. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті арнайы ескерту жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Комитет таратқан мәліметке сәйкес, тоқпен жүретін автокөліктерді кедендік жеңілдікпен әкелуге рұқсат берілген квота 15 мың дана. Бұл жеңілдік Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының 2009 жылы қабылдаған шешімімен бекітілген болатын.
2025 жылдың 25 қыркүйегіндегі есеп бойынша, ел аумағына 13 мыңнан астам электрмөбил әкелінген. Бұл белгіленген квотаның 87,2 пайызына жеткенін көрсетеді. Демек, кедендік жеңілдікпен әкелуге болатын көліктер саны 1900-ге де жетпейді.
«Осыған орай, тоқпен жүретін автокөлік сатып алуды және шетелден әкелуді жоспарлап отырған азаматтарға жеңілдік көлемінің шектеулі екенін ескертеміз. Болашақта туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алу үшін бұл жайтты ескерген жөн», – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша елде тіркелген электрлі көліктер саны 20 775 бірлікке жеткен.
Қазіргі уақытта жеке тұлғалар бір жылда бір автокөлік әкелген жағдайда кедендік баж салығынан, 12 пайыздық ҚҚС-тен және утилизациялық алымнан босатылған. Жеңілдіктер 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана күшінде болады.
Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқпен жүретін көлік импорттаушылар 16 пайыздық ҚҚС төлеуге міндеттеледі. Көлік квота аясында кіргізілсе, кедендік баж салығының нөлдік мөлшерлемесі сақталады. Бірақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) азаматтарына сату немесе басқа жолмен өткізуге тыйым салынады.

