Атышулы әнші, блогер Рүстем Жүгінісов діни алауыздық тудырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оған әншінің әлемжеліде Ақтөбедегі мешітте болған оқиғаға қатысты пікір білдіруі себеп болған. Жүгінісов мешітте қызға тиіскен ер адамды емес, керісінше, қыздың өзіне тап берген еді.
Астана қалалық сотында қаралған іске Дін істері жөніндегі басқарма бастамашы болған. Басқарма өкілдері блогердің контенінен діни араздықты қоздыратын белгілер анықталғанын алға тартқан.
«Жүгінісов Instagram мен TikTok-тағы парақшасы арқылы негізінен ислам дінін дәріптеуге арнаған. Алайда жекелеген жазбасында діни кемсітушілікке жол берген», — дейді басқарма өкілдері.
Блогер өз жазбаларының бірінде халықты Жаңа жылды тойламауға шақырған. Оның айтуынша, ерте-ерте ертеде, ешкі жүні келтеде бабаларымыз, би-шешендер бұл мерекені атап өтпеген, демек Жаңа жылды тойлау діннен, ұлттық дәстүрден бас тарту.
Сонымен қатар ол Ақтөбедегі мешітте қызға тиіскен оқиғадан соң, арнайы үндеу жасап, әйелдерді көпшілік орынға, тіпті мешітке де жалғыз бармауға шақырған.
«Сізді көрген біреу дұрыс түсінбей, «мешітке күйеу іздеп келді» деп ойлауы мүмкін. Әрбір әйел қайда бармасын, тіпті мешітке шықса да, қасына әкесі, ағасы не туысын ертіп жүруі тиіс», – деген ол үндеуінде.
Айта кетерлігі, сот отырысына Жүгінісовтің өзі келмеген, дегенмен хабарлама алғаны расталған.
Нәтижесінде сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабының 2-бөлігі бойынша («Әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған ақпаратты БАҚ арқылы тарату») кінәлі деп тауып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды.
Шілденің соңында Ақтөбедегі мешітте болған жанжал қоғамда үлкен шу тудырған еді. 23 жастағы Еммануелла Наурызбаева әлеуметтік желі арқылы мешітте белгісіз ер адамның өзін сыртқа шығармай, «бір реттік неке» ұсынғанын айтқан.
Кейінірек сот шешімімен әлгі ер адам бес тәулікке қамалған. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де бұзақылық үшін істі болған, тіпті басқа адамға да мешіт ішінде тиіскен екен.
Алайда әлемжелідегі кейбір әсіре белсенділер кінәліні емес, керісінше, қыздың өзін кінәлап, үйінің есігін қағып, қорқытып, телефонмен маза бермеген. Жәбірленушіні ашық айыптағандар көбейіп, «әлгі еркекті өзі арандатты» деген пиғылдағы пікір айтылған еді.