29 қыркүйекте президент Тоқаевтың өкімімен Бас прокуратурада бірқатар кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ақорданың дерегінше, Бас прокурордың орынбасары болып келген Жандос Өмірәлиев қызметінде жоғарылап, ведомство басшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
1978 жылы Шымкент қаласында туған Жандос Өмірәлиев Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Прокуратура органдарындағы еңбек жолын осыдан ширек ғасыр бұрын, 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған.
Өмірәлиев кейіннен түрлі жауапты лауазымдарды атқарды. 2011-2017 жылдар аралығында Алматы қаласы прокурорының орынбасары болды. Ал 2018-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысының прокуратурасын басқарды. 2022 жылдың маусымынан соңғы тағайындауға дейін ҚР Бас прокурорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Жандос Өмірәлиев Бас прокуратураның медиа кеңістікте ең жиі көрінетін өкілдерінің бірі. Ол көпшілікке белгілі резонансты істер бойынша алғашқылардың бірі болып пікір білдіріп, ақпараттық кеңістікте белсенді жұмыс істеген.
Атап айтқанда, ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қоғамда дүрбелең туғызған қылмыстық істің жай-жапсарын ашық түсіндірген. Сондай-ақ, биыл маусымда Абай облысындағы алапат өрттің қасақана қойылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Өмірәлиев бұдан бөлек, ел азаматтарын заңсыз шерулерге қатыспауға шақырып, әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпараттарды әшкерелейтін бірнеше мәлімдеме жасаған еді.
Өмірәлиевтің алдындағы Бас прокурордың бірінші орынбасары қызметін атқарған Тимур Тәшімбаев лауазымынан босатылды, әзірге оған жаңа қызмет берілген жоқ. Тәшімбаев бұған дейін Астана прокурорының орынбасары, Ақмола облысының прокуроры және Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған болатын.
Айта кетейік, Бас прокуратурадағы кадрлық өзгерістердің алдында бірнеше өңірде прокурорлармен байланысты бірқатар дау-дамай орын алды.
Күні кеше Рудный қаласының бас прокуроры қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Ал Өскемен қаласының прокуратурасын басқарған Тимур Шақпантаев қарамағындағы қызметкерлерге әдепсіздік танытты деген айыппен қызметінен шеттетілген еді. Павлодарда прокуратура қызметкері алаяқтық бойынша істі болып жатыр.