Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ең маңызды қадамдардың бірі – табиғи газбен қамтамасыз ету ісі қарқын алып келеді. Көптен бері күткен қуанышқа Арыс қаласына қарасты Саналы елді мекенінің тұрғындары да жетті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылдар бойы отын тасып, көмірдің түтініне тұншығып келген ауыл жұрты үшін көгілдір отынның келуі – тек тұрмыстық жеңілдік емес, өмір сапасының жаңа деңгейі. Ауылға алғаш рет газ берілген сәттің куәсі болған қала әкімі Қайсар Маңқараевтың сөзі көптің көкейіндегі ойды дөп басты: мемлекет халықтың жағдайын көтеруді басты назарда ұстап отыр, ал ауылға газ келуі – соның айқын дәлелі.
Салтанатты шарада алау жағылып, ақсақалдар бата берді. Бұл тек рәсім емес, елдің ұзақ жылғы арманының орындалғанының белгісі іспетті болды. Саналыға газ тарту жұмыстары жеке инвестор «Otebay Gaz» ЖШС есебінен іске асқаны да назар аударарлық.
Бұл мемлекет пен жеке сектордың бірлескен ісінің нақты жемісі. Себебі мұндай жобаларға тек бюджет қаржысына ғана сеніп отыру ауылдардың дамуын тежейтін еді. Бизнес пен биліктің ынтымақтастығы арқасында тұрғындардың әл-ауқаты артып келеді.
Жыл басынан бері Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Жиделі және Көкжиде ауылдары да газға қосылып үлгерді. Жыл соңына дейін қала орталығы мен Аққала ауылына да көгілдір отын жеткізілмек. Осы қарқын сақталса, өңір халқының көпшілігі алдағы жылдары толық газбен қамтамасыз етіледі деген үміт бар. Бұл тек тұрмыстық жеңілдік қана емес, экологияға да оң әсерін тигізбек. Отын-көмірге тәуелділіктің азаюы, түтіннің азаюы – ауылдағы балалардың денсаулығы үшін де, қоршаған орта үшін де пайдалы.
Әрине, бұл істің артында бір күнде бітпейтін еңбек, жоспарлы саясат, нақты қаржы және қоғам мен биліктің бірлескен жауапкершілігі тұр. Қарапайым халық үшін газдың келуі – күнделікті тұрмыстағы өзгеріс болса, саясаткерлер үшін бұл – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Жұрттың көңілі тоқ, тұрмысы жеңіл болса, қоғам да берік. Сондықтан Саналыдағы осы қуанышты сәт – үлкен әлеуметтік саясаттың жергілікті деңгейде іске асып жатқан бір көрінісі ғана.