Түркістан облысында халықты таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кеңейіп, көрсеткіштер айтарлықтай жақсарғанымен, кейбір аудандарда шешімін күткен түйткілдер де бар. Өткен жылы республикалық деңгейде жүргізілген талдау нәтижесінде Түркістан облысындағы қалалар толықтай таза ауыз сумен қамтылды деп есептелсе, ауылдық аймақтардағы ахуалға әлі де назар қажет екені анықталды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекет 66 нысанның құрылысын қолға алып, соның ішінде биылдың өзінде 38 су құбыры пайдалануға берілді, қалған 28-інің құрылысы 2026 жылға өтпелі болып отыр. Бұл – ұзақ мерзімді жоба болғанымен, ауыл-аймақтағы халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды қадам.
Жалпы өңірдегі елді мекендердің 98 пайыздан астамы ауыз сумен қамтылған. Бұл – қуантарлық көрсеткіш. Дегенмен Арыс, Шардара, Леңгір және Сарыағаш қалаларында күрделі мәселелер әлі де бар. Арыс қаласында 9 мыңнан астам абонентке су жеткізілсе де, су тазалау мен хлорлау жұмыстары үздіксіз бақылауда болуы тиіс. Шардарада да жағдай күрделі болған, бірақ мамандар дер кезінде шешім қабылдап, қазір тұрақтандыруға қол жеткізді.
«Шардара топтық су құбыры» жобасы толық іске асқан кезде, аудан халқының сапалы суға деген қажеттілігі біржола шешілмек. Леңгірде «Көктерек» су көзі жөндеуден өтіп, қосымша ұңғымалар бұрғылануда. Ал Сарыағашта 10 мыңнан астам абонентке тәулік бойы су жеткізіледі, бірақ кейбір кезеңде каналдан келетін су көлемі азайып, тұрғындар қиындық көруде. Осыған байланысты жаңа магистралды су құбырының құрылысы қолға алынды. Бұл жұмыстардың бәрі жергілікті тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Айта кету керек, облыстағы 756 елді мекеннің 165-і жер үсті суымен, ал 591-і жер асты суымен қамтылған. Оның ішінде 548 ауылға су тәулік бойы беріледі, бірақ 192 елді мекенде ауыз су тек кестемен жеткізіледі. Ал 16 ауылда су жүйесі уақытша тоқтап тұр. Бұл жағдай облыстық әкімдік пен арнайы құрылған штабтың тұрақты бақылауында. Мердігер мекемелермен келісім жасалып, әрбір құрылыс жұмысының сапасы мен мерзіміне баса мән беріліп отыр.
Себебі ауыз су – жай ғана тұрмыстық қажеттілік емес, халық денсаулығы мен елдің тұрақты дамуының негізгі кепілі. Мемлекет басшысы бірнеше мәрте атап өткендей, халыққа қолжетімді таза ауыз су жеткізу – әлеуметтік саясаттың басты бағыты. Түркістан облысы осы бағытта көш бастап келе жатқан өңірлердің бірі.