Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша мемлекеттік сыйақы төлеу тәртібін өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы нарығы қауымдастығы кеңесінің басшысы Елена Бахмутова тұрғын үй жинағы жүйесіндегі мемлекеттік сыйақы тетігін қайта қарауды ұсынды.
«Мемлекет тарапынан барлық салымшыға жаппай сыйақы төлеу ысырапшылдық. Бұл тақырып талай жылдан бері талқыланып келеді. Сондықтан сыйақыны жаппай емес, мақсатты әрі нақты топтарға бағыттап, мемлекеттің мүмкіндігіне сай шектеу керек», – деді ол.
Бахмутованың айтуынша, тұрғын үй жинақ жүйесіне барлық коммерциялық банктер қатысатын болса, салымшыларға бірдей жағдай жасалуы қажет.
«Салымшы белгілі бір банкке тәуелді болмауы тиіс. Мемлекет беретін сыйақы салымшымен бірге жүруі керек. Егер адам жинағын коммерциялық банкте сақтаса, мемлекеттік сыйақы да сол банк арқылы төленуі керек. Арнайы мәртебеге ие «Отбасы банк» пен басқа коммерциялық банктердің арасында ешқандай алалау болмауы қажет», – деп атап өтті ол.
Қауымдастық мәліметінше, Қазақстандағы тұрғын үй саудасының 80 пайызы ипотекамен рәсімделеді. Осы бағытта қазір «Отбасы банкінің» үлесі басым, ал оның ипотекалық мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық ставкасынан төмен деңгейде қалып отыр.
Бахмутова коммерциялық банктердің тұрғын үй жинақтау жүйесіне қосылуы ипотека нарығына кері әсер етпейді деген пікірде.
«Елде жастардың үлесі жоғары, тұрғын үй нарығы да қарқынды дамып жатыр. Демек, ипотекаға деген сұраныс арта түседі. Болашақта жаңа салымшылар «Отбасы банк» пен өзге коммерциялық банктер арасында бөлінеді. Бұл нарық үшін оң өзгеріс. Азаматтардың банктердегі жеке жинағын ипотека нарығына тартуға және жалпы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға жол ашады», – деді қауымдастық басшысы.
Айта кетелік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова коммерциялық банктердің тұрғын үй жинақтау жүйесіне қосылатынын мәлімдеген.
Әзірге бұл жүйеде «Отбасы банкі» монополист. Агенттік басшысының пікірінше, нарыққа жаңа ойыншылардың келуі ипотекаға деген қолжетімділікті арттырып, несие мөлшерлемесін төмендетеді.