Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымының кәсіби мерекесі ерекше атап өтілетінін айтып, мұғалімдердің қоғамдағы орны туралы ойымен бөлісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент жиында ағартушы Міржақып Дулатұлының «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген сөзін еске салып, ұстаздар еңбегінің маңызын ерекше атап өтті.
«Мұғалім – әр адам үшін қадірлі тұлға. Басқаша айтқанда, ұстаз – өмірге бағыт-бағдар беруші жан. Әрбір қоғамның деңгейі ұстазына деген құрметімен өлшенеді. Ұстазын қадірлеген елдің болашағы жарқын. Себебі ұстаз еңбегі – зор, ел дамуына қосар үлесі – өлшеусіз. Сондықтан барша ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылда білім беру саласында елеулі өзгерістер болды. Салаға бөлінетін қаржы үш есе көбейіп, 1200 жаңа мектеп салынған. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 150 мектеп пайдалануға берілсе, тағы 67 білім ошағының құрылысы жалғасуда.
«Бұл деректерді халық білгені жөн, себебі мемлекет ұстаздар мәртебесін көтеруге және білім сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлуде. Арнайы заң қабылданып, мұғалімдердің еңбекақысы екі есе артты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұғалім мамандығын таңдауға деген жастардың қызығушылығы артқанын да тілге тиек етті. Биылдың өзінде педагогикалық мамандықтарға 13 мыңнан астам грант бөлінген. Бұл – еліміздегі жалпы гранттың бестен бір бөлігі.
«Қазір білім саласында бәсеке жоғары. Әсіресе, «Алтын белгімен» бітірген түлектердің мұғалім болуды қалауы – өте жақсы үрдіс. Мемлекет осы бағытты әрдайым қолдайды. Былтырдан бері мыңнан астам оқушымыз халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетті. Бұл – ұстаздар еңбегінің жемісі», – деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі заманда саналы тәрбиенің маңызы біліммен қатар жүретінін айтты. Осы мақсатта биылдан бастап барлық мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп жатыр. Оның мақсаты – ұлттық құндылықтарды сіңіріп, жастарды отаншыл рухта тәрбиелеу.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы да осы бағыттағы маңызды қадам. Президент бұл бастаманың мән-мағынасы терең екенін, ұлт сапасын арттыруға бағытталғанын жеткізіп, ұстаздарға осы бастаманы қолдағаны үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы цифрландырудың маңыздылығына да тоқталды.
«Цифрландыру мен жасанды интеллект – заман талабы. Сондықтан оқушылар цифрлық сауаттылықты мектептен бастап меңгеруі керек. Бұл мұғалімдерге де тікелей қатысты. Цифрлық ел болу – түбегейлі жаңа тәсілмен жұмыс істеуді қажет етеді. Сіздер, ұстаздар қауымы, осы миссияны жүзеге асыруға белсенді атсалысасыздар деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Контекст
Президент білім берумен қатар қоғамда жоғары құқықтық мәдениет қалыптастырудағы ұстаздардың рөлі зор екенін айтты.
«Әділдік пен тәртіп қағидаттары мектеп партасынан бастап сіңірілуі қажет. Тек сонда ғана Қауіпсіз, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанды қалыптастырамыз», – деді ол.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім беру саласына айрықша үлес қосқан ұстаздарға мемлекеттік наградаларды табыстады. Президент қолынан марапат алғандар арасында мектеп мұғалімдерімен қатар, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да болды.
Іс-шарада сөз сөйлеген «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Мұхтар Талқанбаев пен «Школа Будущего «Әділет» балабақша-мектебінің ұстазы Татьяна Құдайбергенова өздерінің педагогикалық тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестеріне алғыс білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







