«Аккую» атом электр станциясының құрылысы қазіргі таңда әлемдегі ең ауқымды әрі стратегиялық жобалардың біріне айналып отыр. АЭС жобасына қатысты басты жаңалық – АҚШ-та бұғатталған 2 миллиард долларлық қаржы мәселесінің сәтті шешілуі. Бұл түйткілді Ресей үкіметі тікелей араласып реттеген. Бұған қоса, Siemens компаниясы белгісіз себептермен қуатты беру жүйелерін жеткізуден бас тартқан соң, Ресей мен Қытайдан балама жабдықтарын алып, жүйенің жұмысы толық қалпына келтірді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түркия үшін «Аккую» жобасының маңызы зор. Ол елдің электр энергиясының шамамен 10 пайызын өндіретін экологиялық таза көзге айналмақ. Бұл жоба көмірқышқыл газының көлемін қысқартып, Түрік өнімдерінің «экологиялық таза» деген мәртебесін арттырып, экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша ядролық энергетика экономикалық бәсекеге қабілеттілік құралына айналып отыр.
Бір қызығы, жоба аясында бастапқыда 400-ге жуық жергілікті компанияны тарту жоспарланса, бүгінде олардың саны 2000-нан асып кеткен. Түрік компаниялары 11 миллиард доллардан астам тапсырыс алып, біртіндеп АЭС құрылысындағы күрделі технологияларды меңгере бастады. Нәтижесінде қазір түрік компаниялары Венгрия, Мысыр, тіпті Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы атом жобаларында да белсенді жұмыс істеп жатыр.
«Аккую» станциясы 60-80 жыл, ал кей жағдайда 100 жылға дейін жұмыс істей алады. Сондықтан станцияны ұзақ мерзімде тиімді басқаратын, қызмет көрсететін, жабдықпен қамтамасыз ететін білікті мамандардың жергілікті ортадан шығуы басты міндет.
Атом энергетикасы жайлы сөз қозғалғанда, геосаяси жағдай мен санкциялардың ықпалы елеусіз қалмайды. Украинадағы соғысқа қарамастан, «Росатом» шетелдегі табысын соңғы үш жылда екі есе арттырып, 18 миллиард долларға жеткізді. Компанияның портфелі бүгінде 200 миллиард доллардан асқан. Бұл тек Ресеймен жұмыс істеуге дайын елдердің қатары артқанын ғана емес, атом энергетикасына деген сұраныстың да өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетуіміз керек, «Росатом» қазіргі уақытта шетелде салынып жатқан 25 атом блогының 22-сін өзі салып жатыр. Уран байыту, ядролық отын және медициналық изотоптар нарығында да жетекші орынға ие. Сол себепті компания өкілдері бейбіт ядролық технологияларды саяси жағдайдан барынша алшақ ұстап, бүкіл әлемге қызмет көрсетуге ұмтылады.