Қызылжардың «Құлагер» клубында шатақ шықты. Клуб менеджері Сергей Филь ресейлік хоккейшілерге Қазақстан паспортын алып беремін деп, ақша жинап алған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Команданың төрт бірдей ойыншысы басшылықтағы Фильдің үстінен арыз түсіріп, полицияға жүгінген. Оның ішінде қыркүйек соңында клубтан кеткен ресейлік хоккейші Алексей Дерзаев та бар.
Спортшылар күдіктінің қолына 500 мыңнан бір миллион теңгеге дейін ақша ұстатқан.
Айтуларынша, Филь «Қазақстан паспортын әп-сәтте рәсімдеп беремін» деп уәде еткен. Алданғанын түсінген ойыншылар ақша да жоқ, азаматтық та жоқ деп шу шығарып жатыр.
Қазір команда менеджерінің үстінен «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. СҚО полиция департаментінің мәліметінше, Филь бірнеше адамды алдап, олардың ақшасын қалтаға басқан. Қазір оның нақты қайда екені белгісіз, іздеу жүріп жатыр.
Күдікті бұған дейін де дәл осы бап бойынша Ресейде қылмыстық жауапқа тартылған екен. Сегіз жыл бұрын көрші елде Сергей Фильге іздеу жарияланып, жалға алған пәтерден техника мен жиһаз ұрлап, қашып кеткен деген айып тағылған.
«Құлагер» клубының басшылығы Фильдің әрекетінен бейхабар екенін айтып ақталуда. Клуб директоры Игорь Шерстовтің сөзінше, команда менеджерінің азаматтық рәсімдеу ісімен айналысуға ешқандай құқығы жоқ.
«Сергей Фильдің заңға қайшы әрекетіне еш қатысымыз жоқ. Тергеуге жан-жақты көмектесуге әзірміз. Әр қызметкердің жауапкершілігі нақты белгіленген, менеджер азаматтық пен төлқұжат рәсімдеу сияқты мәселелермен айналыса алмайды», – дейді Шерстов.
Филь қыркүйектің 24-інен бері жұмысқа келмеген, байланысқа шықпаған. Заң бойынша бір айдан кейін оны жұмыстан шығаруға негіз бар. СҚО-дағы хоккей жанкүйерлері спортқа қатысы жоқ алаяқтық әрекеттердің клубтың беделіне сызат түсіргеніне өкініш білдіруде.
«Төлқұжат саудалаған адам клубтың құрылымына қалай кіріп кеткен? Шын мәнінде, қазақ спортын «паспорт бизнесіне» айналдырып алғандар аз емес. Жаңағы Филь жалғыз емес, сыбайластары бар. Олар бұл бизнеспен талайдан бері айналысып жүргені анық», — дейді осы ретте өңірдегі белгілі журналист Төлеген Айманов.