Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұрғындарды жеке қабылдап, олардың талап-тілектерін тыңдады. Әкім орынбасарының қабылдауына келген азаматтар түрлі саладағы мәселелерін ашық айтып, жауапты басшылармен бірге шешу жолдарын талқылады. Әсіресе, ауылдағы инфрақұрылым, спорт және мәдениет нысандарын жөндеу, жұмысқа орналасу мен жастар тәрбиесі сынды тақырыптар жиі қозғалды. Халықтың пікірі мен өтінішін тікелей тыңдау өңірдегі басқару мәдениетінің басты бағытына айналып келеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Отырар, Бәйдібек аудандары мен Түркістан және Кентау қалаларының тұрғындары келді. Олар өздерінің тұрмысқа, әлеуметтік жағдайға және қоғамдық өмірге қатысты ойларын ашық жеткізді. Бірі ауылдағы спорт кешенін жөндеу қажеттігін айтса, енді бірі мәдениет үйін қалпына келтіру мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді.
Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттау мен жастардың рухани тәрбиесіне байланысты ұсыныстар да аз болған жоқ. Әр азамат өз ауылындағы нақты мәселені айтып, шешімін табуға үміт білдірді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев халықтың әрбір өтініші назардан тыс қалмайтынын айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы қоғам мен биліктің арасындағы басты көпірге айналуы тиіс екенін атап өтті.
– Әкімдік пен халықтың байланысы ашық әрі шынайы болуы керек. Әрбір мәселе – нақты адамның тағдыры, сондықтан оны қағаз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде шешу басты міндетіміз, – деді ол.
Қабылдауға облыстық басқармалар мен департамент өкілдері де қатысып, өз салаларына қатысты сұрақтарға нақты түсініктеме берді. Бірнеше өтініш сол сәтте қаралып, тиісті мекемелерге тапсырма жүктелді. Мәселен, жұмыссыздыққа байланысты ұсыныстарды еңбек басқармасы өз бақылауына алса, мәдениет нысандарын қалпына келтіру ісін тиісті бөлім мамандары егжей-тегжейлі пысықтайтын болды.
Қоғаммен ашық байланыс орнату, әр азаматтың мәселесін көзбе-көз тыңдау қазіргі басқару жүйесіндегі жаңа мәдениеттің белгісі. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүріп келеді. «Ашық әкімдік» жобасы халық пен биліктің арасындағы кедергіні жойып, қарапайым тұрғынның ойын еститін алаңға айналды. Мұндай кездесулер тек өтініш қабылдау емес, өзара сенім мен түсіністіктің жаңа кезеңін қалыптастыруға жол ашып отыр.
Ертай Алтаев кездесуді қорытындылай келе, айтылған барлық ұсыныстардың бақылауда болатынын, әр мәселе бойынша тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.
– Басты мақсатымыз – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, өңірдің әр ауданында өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру. Тұрғындардың мәселесі әкімдіктің тікелей жұмысы, – деп түйіндеді ол.
Қазір Түркістан облысында мұндай жеке қабылдаулар ай сайын өткізіліп, өңірдің әр ауданынан келген азаматтар өз мәселесін ашық жеткізе алады. Бұл халықтың билікке сенімін арттыратын, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс форматы.