Түркістан облысында жас мемлекеттік қызметшілерге арналған ерекше дәріс өтті. Бұл жолғы кездесу ресми жиыннан гөрі өмір мектебіне ұқсас болды – себебі жастар алдында қызмет жолының ыстығы мен суығын бірдей көрген, тәжірибесі мол тұлға, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйледі. Дәріс ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан мамандарға арналды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде мемлекеттік қызметті жай ғана мансаптың баспалдағы ретінде емес, елге адал қызмет етудің миссиясы ретінде қабылдау керектігін айтты. Ол өмір жолындағы мысалдар арқылы жастарға ең басты құндылық – жауапкершілік пен адалдық екенін түсіндірді. Қызметте шынайылық пен сабыр сақтай білу, әр шешімнің артында халық тағдыры тұрғанын ұмытпау кез келген мемлекеттік қызметшінің азаматтық болмысының көрсеткіші екенін атап өтті.
Кездесуде Ертай Алтаев жастарға кәсіби табыстың кілті – өз ісіңе деген сүйіспеншілік пен үздіксіз даму екенін айтты. «Мемлекеттік қызмет – бұл таңертең келіп, кешке кететін жұмыс емес. Ол – сенің өмірің, сенің азаматтық борышың. Халыққа қызмет ету деген ұғым – ұран емес, өмірлік ұстаным болуы керек», – деді ол. Сонымен қатар, тәжірибелі басшы жас мамандарға уақытты тиімді пайдалануды, шешім қабылдауда салқынқандылық пен парасаттылық танытуды үйретті.
Көпшілікті қызықтырған тағы бір тақырып – отбасылық құндылықтар мен жеке өмір мен жұмыстың тепе-теңдігі туралы әңгіме болды. Ертай Кенжебекұлының пікірінше, мықты мемлекет қызметтегі табысты адамдардан емес, рухани бай, отбасында бақытты тұлғалардан қалыптасады.

– Мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік отбасынан басталады. Үйінде тыныштық орнаған адам ғана қоғамда үйлесім таба алады. Ал егер қызмет пен отбасын дұрыс үйлестіре білсең – бұл үлкен жеңіс, – деді ол.
Жастар дәріс барысында сұрақтарын қойып, өз ойларымен де бөлісті. Олардың көбі мемлекеттік қызметтің қазіргі заман талаптарына қалай бейімделу керек деген мәселеге қызығушылық танытты. Ертай Алтаев бұл сұраққа:
– Қазір заман өзгерді. Бірақ адалдық пен намыс өзгермейді. Цифрландыру дәуірінде жұмыс істеу үшін жаңа технологияны меңгеру қажет, алайда адамдық қасиетті жоғалтпау ең бастысы, – деп жауап берді.
Мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені жас мамандар үшін осындай тәжірибелі тұлғалардың шынайы әңгімесі ең үлкен мотивация. Олар кітаптан оқи алмайтын, лекциядан ести алмайтын өмірлік кеңестер алады. Әсіресе, мемлекеттік аппаратта жаңадан жұмыс бастаған жастар үшін мұндай кездесулер қызметтің бағытын дұрыс таңдауға, ел алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік береді.
Түркістан руханияттың да, мемлекеттік қызметтің де мектебі болып келе жатқан айма. Мұнда әрбір жас кадрға сенім артып, олардың кәсіби әрі адамгершілік тұрғыда өсуіне жағдай жасалуда. Ертай Алтаевтың дәрісі соның айқын дәлелі. Өңірде бұдан кейін де осындай мотивациялық кездесулер жалғасын табатыны айтылды. Себебі, елге қызмет ету мәдениеті үздіксіз тәрбиенің, үлгінің және тәжірибенің жемісі.

