Алматыда биылғы жылыту маусымы ертерек басталатын болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазан айының алғашқы күндері оңтүстік астана тұрғындарын жылы қабақпен қарсы ала қоймады. 6 қазанда алматылықтар төтенше жағдайлар қызметінен «аяз болады, ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендейді» деген ескерту алды.
Осыған орай қала әкімдігі жылыту маусымын жеделдетіп бастау туралы шешім қабылдаған.
Қала әкімінің БАҚ-пен жұмыс бойынша кеңесшісі Ілзат Ақчуриннің айтуынша, 8 қазаннан бастап балабақша, мектеп пен ауруханалар секілді әлеуметтік нысандар жылуға қосылады.
Ал тұрғын үйлер 10 қазаннан бастап біртіндеп жылытыла бастайды.
«Шешім ауа райының күрт салқындауына байланысты қабылданды. Жалпы Алматы жылыту маусымына толық дайын. Қаладағы жылу қызметінің мамандары қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған», – деді Ақчурин.
Биылғы жылыту маусымында қала бойынша 16 жедел-авариялық бригада жұмыс істейді. Оның құрамында жалпы саны 220 маман мен 56 арнайы техника бар.
Айта кетейік, Қазақстанның кей өңірлерінде жылыту маусымы ертерек басталып кеткен еді. Мәселен, Павлодар қаласының әлеуметтік нысандары 10 қыркүйектен бері жылу қабылдап отыр.