Түркістан облысының Ордабасы ауданында мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің есебінен ерекше әлеуметтік нысан балалар музыка мектебі бой көтеріп жатыр. Мұны елде әділдік принципіне негізделген жаңа саясаттың нақты көрінісі десек болады. Бір кездері заңсыз иемденілген қаражат енді халықтың игілігіне қайта оралып, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асып жатқан бұл бастама еліміздің мәдени және рухани жаңғыруына тың серпін берді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Темірлан ауылындағы мектеп өнер мен руханияттың жаңа ордасына айналмақ. Жобаның жалпы құны 889,2 миллион теңге, ал қаржы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің шешімімен республикалық арнайы қор есебінен бөлінді.
Құрылысы 2025 жылдың көктемінде басталған нысан бүгінде 75 пайызға орындалған. Бас мердігер «Намыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қазір құрылыс алаңында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Ғимараттың іргетасы қаланып, екі қабатты қабырға тұрғызылды, шатыр жабылып, инженерлік жүйелер толық тартылған. Енді ішкі әрлеу және сыртқы қасбетті қаптау, сондай-ақ абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров құрылыс сапасы мен мерзімін жеке бақылауына алып, жобаның әр кезеңін назарда ұстап отыр.
Бұл музыка мектебінің сәулеттік шешімі мен ішкі құрылымы заман талабына сай жасалған. Мұнда 150 көрерменге арналған концерт залы, топтық сабақтар мен жеке үйірмелерге арналған кабинеттер, халық аспаптары мен вокалға арналған екі үлкен студия, кәсіби ән жазу бөлмесі және 8 орындық кітапхана залы қарастырылған. Әр бөлменің акустикасы мен жарықтандыруы халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған.
Музыка мектебі пайдалануға берілген соң, Ордабасы мен көршілес аудандардағы өнерге бейім балаларға үлкен мүмкіндік ашылады. Ауылдан шыққан жас дарындардың үлкен сахнаға жолдама алуына осындай мәдени нысандар себепкер. Бұған дейін облыстың өзге аудандарында да дәл осындай бастамалар қолға алынып, әлеуметтік маңызы бар нысандар мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен салынған болатын.
Мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен салынған әрбір нысан әділеттің орнауының, қоғамның жаңа моральдық жаңғыруының көрінісі. Себебі халықтың байлығы халыққа қызмет етуі керек. Бір кездері жеке топтардың иелігінде кеткен қаржының елге оралып, балалардың болашағына бағытталуы тарихи әділеттіліктің орнауы.
Құрылыстың өзі ондаған жұмыс орнын ашты, ал мектеп іске қосылған соң онда кәсіби ұстаздар мен техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Балалар мен ата-аналар үшін қолжетімді әрі заманауи өнер орталығы қалыптасады. Әрбір бала тегін музыкалық білім алып, шығармашылық әлеуетін аша алады. Осындай игілікті бастамалар ел ішінде тең мүмкіндіктерді кеңейтіп, ауыл мен қала арасындағы мәдени алшақтықты жоюға ықпал етеді.