Каспийдің тайыздануы барша түркі әлеміне ортақ сын-қатер. Президент Тоқаев түркі елдерін осынау өзекті мәселені шешу үшін күш біріктіруге шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекет басшысы түркі мемлекеттерінің саммитінде Каспий теңізінің таяздануы тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл өңірдің экологиялық әрі экономикалық ахуалына теріс әсер етіп отырғанын атап өтті.
«Каспий түркі халықтарының бірегей символы, біздің елдерді байланыстырып тұрған алтын көпір. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізуде. Бұл жаһандық маңызға ие мәселе.
Осы түйткілді Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде және БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында да көтерген болатынмын. Туыстас әрі көршілес мемлекеттер ретінде біз Каспийдің қазіргі жағдайын жақсартуға жіті назар аударуға тиіспіз.
Түркі мемлекеттерін осы бағытта ортақ жобалар әзірлеп, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұдан бөлек, Орта Азиядағы ең күрделі әрі өткір мәселелердің бірі су тапшылығына тоқталды. Оның айтуынша, аймақтағы өзендердің су ресурсы ортақ байлық болғандықтан, оларды ұтымды әрі үнемді пайдаланудың заманауи тәсілдері қажет.
Осы мақсатта ирригация жүйесін цифрлық бақылауға көшіру, тамшылатып суару технологияларын кеңінен енгізу және су қоймаларының тиімділігін арттыруға бағытталған ортақ бағдарлама қабылдау қажет екенін айтты.
Сонымен қатар президент Тоқаев Қазақстанның келесі жылы сәуір айында БҰҰ қолдауымен «Орнықты болашақтың ортақ бағдары» атты аймақтық саммит өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Осы форумға түркі мемлекеттері жоғары деңгейде қатысады деп сенеміз», – деді Мемлекет басшысы.