Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген әлеуметтік және медициналық бағыттағы тапсырмаларды орындау жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бұл бағыттағы шаралар тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, өңірдің әр ауылында, әр ауданында халықтың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған нақты істер арқылы көрініс тауып отыр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда облыс халқының 83 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қосылып, 1,7 миллионнан астам тұрғынды құраған. Ал 351 мың тұрғын әлі де жүйеден тыс қалып отыр. Олардың ішінде 85 мыңнан астамы жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топ өкілдері.
Бұл азаматтарды қорғау үшін жергілікті бюджет есебінен арнайы шаралар қолға алынған. МӘМС жүйесі тек аурухана есігінен басталмайды ол әр адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік механизм. Сондықтан өңір басшылығы оны жетілдіруді негізгі басымдық ретінде қарастырып отыр.
Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында өзекті мәселе әлі де бар, ол кадр тапшылығы. 24 мыңнан астам медицина қызметкері бар өңірде 253 бейінді дәрігер жетіспейді. Сол себепті өңірде дәрігерлерді резидентурада даярлау үшін жергілікті бюджет есебінен арнайы гранттар бөлініп келеді.
2023 жылдан бастап бұл бағытта нақты жүйе қалыптасқан. Қазір 176 жас маман Астана, Алматы, Қарағанды және Түркістан қалаларындағы медициналық университеттерде білім алуда. Ал 2024 жылы тағы 75 грант бөлініп, толық игерілді. Яғни, Түркістан өз мамандарын сырттан күтпейді оларды өзі даярлап отыр.
Сондықтан ауылдық жерлерге барған жас дәрігерлерге де нақты қолдау көрсетілуде. Ауылға барған маманға 1-1,5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленеді, ал аса тапшы мамандықтар бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы қарастырылған. Бұл – жастарды ауылға тартудың тиімді тетігі. Көпшілігі үшін мұндай қолдау тек қаржы емес, мемлекет тарапынан сенімнің көрінісі.
Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымы да жаңарып келеді. Сарыағашта 300 орындық көпбейінді аурухана, Ордабасыда 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұл нысандар іске қосылғанда, мыңдаған ана мен балаға сапалы көмек көрсетілмек.
Бұған қоса, Абу-Даби қорының қаржыландыруымен Түркістан қаласында жаңа перзентхана бой көтеріп жатыр. Жоба құны – 19 миллион АҚШ доллары. Ал Сауран ауданында 500 адамға қызмет көрсететін емхана сенімгерлік басқару тетігі арқылы салынады. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нақты үлгісі.
Түркістан облысындағы әлеуметтік жобалардың халық өміріне оң әсер етіп жатқанын бірнеше рет жазған болатын. Бұл жолы да сол бағыт сақталды – жоспар емес, нәтиже маңызды. Әрбір аурухана, әрбір дәрігер, әрбір әлеуметтік жоба – өңірдің адамдық капиталының көрінісі.

