Қазақстанда енді қоғамдық жұмысқа тартылған заң бұзушылар арнайы «Қоғам алдындағы борышымды өтеймін» деген жазуы бар күртеше киіп жүретін болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңашылдықтың мақсаты жазаның бұлтартпастығын көрсетіп, тәртіп бұзушыны тәрбиелеу. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) шараның ешқандай жазалаушы сипаты жоқ екенін айтады.
«Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың арнайы жазуы бар күртеше киюі жазаны қатаңдату емес. Бұл шешім олардың өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен қоғамдық сенімді қайта қалпына келтіруіне мүмкіндік береді», – дейді ҚАЖК баспасөз қызметі.
Олардың сөзінше, көшені тазалап, абаттандыру жұмысын атқару арқылы заң бұзушылар қоғамға қайта араласып, елдің сеніміне ие болуға мүмкіндік алады.
«Қоғамдық жұмыс тек жаза түрі ғана емес, адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіндіретін тәрбие құралы. Арнайы күртешелер осы істің ашықтығын арттырып, өзге азаматтар үшін де сабақ болады», – дейді ведомство өкілдері.
Енді сот шешім шығарғаннан кейін пробация қызметі 10 күн ішінде тәртіп бұзушыны шақырып, қайда, қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, одан жазбаша келісім алады. Пробация мамандары жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, орындаған тапсырмаларын тіркеп отырады.
Әрбір құқық бұзушыға жеке деректері мен қоғамдық жұмыс мерзімі көрсетілген анықтама беріледі. Жергілікті әкімдік оның қабілетіне қарай жұмыс ұсынады. Ал пробация қызметтері әр тоқсан сайын БАҚ арқылы халық алдында есеп беріп тұрады.
Айта кетейік, биыл маусым айында Конституцияның 30 жылдығына орай прездиент Тоқаевтың жарлығымен 15 мыңнан астам сотталған адамға амнистия жарияланған болатын.

