Түркістан қаласында кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына арналған ерекше салтанатты жиын өтті. «Кәсіподақ күші – бірлікте» атты бұл іс-шарада еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, бірліктің қадірін ұғындырған мазмұнды сәттер көп болды. Кәсіподақтар – қарапайым жұмысшының да, мұғалімнің де, дәрігердің де үнін билікке жеткізетін, еңбек құқығын қорғаудың шынайы тетігіне айналған ұйым.
Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, кәсіподақ мүшелерін құттықтап, олардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалады. Оның сөзінше, кәсіподақ ұйымдары елдегі әлеуметтік әріптестікті дамытуда және еңбек қатынастарын әділ реттеуде ерекше үлес қосып келеді.
Соңғы жылдары өндірістегі тұрақтылық пен жұмысшылардың лайықты жағдайы осы ұйымдардың жүйелі еңбегінің нәтижесі. Кәсіподақтар федерациясы 35 жыл ішінде ел еңбеккерлерінің негізгі қорғаны, олардың құқықтары мен бостандығын қорғаушы қоғамдық институтқа айналды.
Салтанатты шара барысында еңбек саласындағы табанды еңбегімен көзге түскен азаматтарға Кәсіподақтар федерациясының медальдары мен Құрмет грамоталары табысталды.

Түркістан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бердіғали Өмірәлі басшылық ететін бірлестік соңғы жылдары өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайту бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Ұжымдық шарттар жасалып, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы келісім мәдениеті қалыптасты.
Кәсіподақ ұйымдарының араласуымен көптеген әлеуметтік түйткіл шешімін тапты. Әсіресе жастар мен әйелдер арасындағы белсенділікті арттыру, еңбек қауіпсіздігін күшейту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бағытында маңызды жобалар жүзеге асуда.
Кәсіподақтар – қоғамның тынысын сезетін, қарапайым адамның күнделікті еңбегін бағалайтын ұйым. Олар кейде көзге көрінбейтін, бірақ елдің тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқаты үшін қажет істерді атқарып келеді. Осындай ұйымдардың арқасында елімізде еңбек даулары өршімей, өзара түсіністік пен келісім негізінде шешіліп жатыр. Түркістандағы салтанатты жиын сол еңбектің, сол бірліктің көрінісі іспетті өтті.