Алматы әкімдігінің бірқатар лауазымды тұлғаларына қаладағы даулы құрылыстарға қатысты тексеру басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы премьер Олжас Бектенов депутаттар сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«Алматы әкімдігінің құрылыс сапасын қадағалайтын жауапты мекемелеріне қатысты тексеру тағайындалды. Биыл төртінші тоқсанға жоспарланған кешенді тексеріс аясында құрылыс нысандарына берілген рұқсат құжаттардың заңдылығы толық зерттеледі», – деді үкімет басшысы.
Соңғы бес жыл бедерінде Алматы әкімдігі RAMS Kazakhstan құрылыс компаниясымен алысып келеді.
Атап айтқанда, компания салған NEF Uptown, RAMS City, Rams Garden, RAMS Evo және Signature тұрғын үй кешенінің барлығынан дерлік заң бұзушылық анықталған.
«NEF Uptown» кешені бойынша тапсырыс беруші мен құрылысшыға (мердігерге) кемшілікті жою туралы талап қойылған. Нәтижесінде кем-кетіктер түзетіліп, нысан пайдалануға берілген.
«RAMS City» және «Rams Garden» кешенінде анықталған заңсыздық бойынша құрылыс компаниясына әкімшілік жаза қолданып, оларды орындау міндеттелген. Компания талапты орындаған соң ғана тұрғын үйлер пайдалануға берілген.
Жақында ғана қоғам назарын аударған атышулы «Beyond» тұрғын үй кешені бойынша құрылыс тоқтатылып, әкімдік тарапынан олқылықты жою туралы ұйғарым берілген.
Еске салсақ, бұған дейін Базарбек-Пономарев тандемі Алматыдағы RAMS компаниясының жобаларын құмырсқаның илеуіне теңеп, қаланың қақ ортасынан «VIP-адамдарға арналған» 40 қабатты тұрғын үй салуға қарсылық білдірген еді. Тұрғындар ауқымды құрылысқа қарсылық білдіргесін дауға президент Тоқаев араласып, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға мұндай жобаларға тежеу қоюды тапсырған еді.

