Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаменті мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жұмысын жалғастырып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы мақсатта Департамент келіп түскен арыз-шағымдарды жан-жақты қарап, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы көрсетілетін қызметтерге тұрақты түрде қашықтықтан мониторинг жүргізуде.
2025 жылдың 9 айында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 126 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ шағымдарды қарау нәтижесінде тағы 25 қызмет алушының бұзылған құқықтары қорғалды.
Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын беруден негізсіз бас тартқаны анықталды. Департаменттің тексеруінен кейін жоба бойынша жердің координаттары сәйкестендіріліп, азаматтың құқығы қалпына келтірілді.
Сәулет және қала құрылысы саласында да бірқатар мәселе тіркелген. Жер учаскесінің ахуалдық схемасы уақытылы жолданбағандықтан азаматтардың өтініштері негізсіз қабылданбаған. Тексеру нәтижесінде бұл шағымдар да қанағаттандырылып, нақты жауаптар берілді.
Сонымен қатар Е-лицензиялау жүйесінде «Жарамсыз ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға рұқсат беру» бойынша өтініштер мүлде тіркелмеген жағдайлар анықталды. Департаменттің араласуымен өтініштер қайта тіркеуге алынып, азаматтардың құқықтары толық қорғалды. Департамент алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысын жүйелі жалғастыра береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







