Павлодар облысы Ертіс аудандық ауруханасының ұжымы президент Тоқаевқа, премьер Бектеновке, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Асайын Байхановқа ашық хат жолдап, басшыларының негізсіз жұмыстан қуылу қаупі туындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, соңғы бірнеше айда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков аурухана басшылығына қысымды күшейткен. Басқарма қазіргі басшыны «біліктілік талаптарына сай емес» деген желеумен жұмыстан шеттетуді көздеп отыр.
Бұған қоса, облыс басшылығы аурухана қызметіндегі жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкология көрсеткіштерінің төмендігін алға тартқан.
Ұжым айыптаудың негізсіз әрі ойдан құрастырылғанын айтады.
Ашық хатта келтірілген деректерге сәйкес, соңғы үш жылда аурухана шамамен 200 млн теңге көлеміндегі берешекті толық жауып, кадр тапшылығын шешкен. Осы кезеңде мекемеге 14 жаңа дәрігер мен 15 медбике қызметке тартылған.
«Осы уақыт ішінде ауруханада ана мен бала өлімі тіркелмеді, вакцинация көрсеткіштері артты. Бұған дейін көрсетілмеген клиникалық-диагностикалық қызмет түрлері енгізілді», – дейді медицина қызметкерлері.
Ұжым өкілдері басқарма тарапынан жасалған қысым аурухананың жұмысына кері әсер етіп, еңбек ұжымының тұрақтылығын бұзуы мүмкін деп алаңдайды. Айтуларынша, облыс басшылығы дәрігерлердің жоғары органдарға шағымдануына тосқауыл қойып, ұжымның толық ауыстырылатынын айтып, қорқытқан.
Ашық хат авторлары Президент пен Үкіметтен осы жағдайға назар аударып, заңсыз әрекеттердің алдын алуды сұрап отыр.