Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде тағы бір ауыс-түйіс болды. Бұған дейін министрдің бірінші орынбасары болып келген Ақан Рахметуллин қызметінен кетті.
Оның орнын соңғы төрт жылда АҚШ-та елші болған Ержан Ашықбаев басты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент Тоқаев тиісті өкімге 13 қазанда қол қойды.
Рахметуллин үш жыл бойы Мұрат Нұртілеудің сенімді серігі саналған. Нұртілеудің өзі қыркүйектің соңында министр креслосын босатып, Президент әкімшілігіне инвестиция мәселелерін қадағалауға ауысқан болатын. Қазір СІМ басшылығында Ермек Көшербаев отыр.
Жаңадан тағайындалған Ержан Ашықбаев Уашингтонда төрт жыл Қазақстанның мүддесін қорғады. Ашықбаевтың елшіліктен кетуі Тоқаевтың Нью-Йоркке сапарынан соң іле-шала жарияланған еді.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, келер жылдан бастап екі елдің қарым-қатынасы айтарлықтай қарқын алады.
Осыған байланысты дип.корпуста өзгеріс болып, Уашингтондағы өкілдік қызметін күшейту үшін жаңа команда жасақталмақ.