Еуроодақ аумағына сапарлайтын шетел азаматтарына арналған жаңа ереже күшіне енді, деп хабарлайды Ertenmedia.
12 қазаннан бастап Еуропаның 29 еліне сырттан келетін азаматтардың шекарадан өту тәртібі өзгерді.
Жаңа жүйенің басты талабы шетелдік саяхатшылар шекарадан өткенде биометрикалық деректерін қалдыруы тиіс. Ақпарат халықаралық әуежайларда, теміржол вокзалында, теңіз порттары мен автокөлік өткізу бекетінде электронды түрде жиналады.
Шенген аумағына кіріп-шығуды бақылауға арналған жүйенің ресми атауы Entry Exit System (EES).
EES шетелдік саяхатшылардың аты-жөнін, паспорт дерегін, биометрикалық мәліметін (саусақ ізі мен бет-бейнесін), сонымен қатар қай күні, қай жерден кіргенін тіркеп отырады. Кейін шекараны қайтадан кесіп өткен кезде адамның деректері базадағы жазбамен салыстырылады.
Сондай-ақ, жаңа жүйе визасының уақыты өтіп кеткендер мен заңсыз мигранттарды, террористерді анықтауға және жеке деректерді заңсыз пайдалануға қарсы күресті күшейтуге бағытталған.
Бір ескерерлігі, 12 жасқа толмаған балалардың саусақ іздері алынбайды. Ал Шенген елдерінде тұруға ықтиярхаты бар азаматтар үшін бұл ереже жүрмейді.
Әзірге EES жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Барлық өткізу бекеті жүйеге 2026 жылдың сәуіріне дейін толық көшуі тиіс. Осы уақытқа дейін төлқұжатқа қойылатын шекара мөрі де электронды жазбалармен толық ауысады.
2026 жылдың соңына қарай жүйеге тағы бір толықтыру енгізіледі. ETIAS деп аталатын қосымша жүйе іске қосылғаннан кейін, визасыз режимдегі елдердің азаматтары Шенген аумағына кіру үшін алдын ала электронды рұқсат алуға міндетті болады.