Жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш бойынша Қазақстан экономикасы 6,3 пайызға өсті. Дегенмен, үш өңір Абай, Ұлытау және Атырау облысы әлі де артта келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы жағдайға назар аударып, аталған аймақтардың әкімдеріне жұмысты ширату туралы тапсырма берді.
«Көрсеткіші төмен облыс басшылары жағдайды жақсарту үшін бар күш-жігерін жұмсауы керек», – деді премьер-министр үкімет отырысында.
Оның айтуынша, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде өндіріс, құрылыс, сауда және көлік саласына басымдық беру қажет.
«Ең алдымен терең өңдеумен айналысатын өндірісті дамытып, ішкі және сыртқы нарыққа сұранысы жоғары өнім шығаруға ден қою керек», – деді ол.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін тұрғындар үшін коммуналдық қызметтің тарифтері көтерілмейді.
«Жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бағаны тұрақтандыру және инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қосымша шараларды қабылдауды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Премьер инвестиция тарту мәселесіне де тоқталды. Биылғы жоспар тоғыз айда 93,3 пайызға орындалғанымен, тоғыз аймақ белгіленген межеге жете алмаған.
Бектенов бұған қоса инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуді, транзиттік тасымал көлемін арттыруды және ауыл шаруашылығы мен ішкі сауданың әлеуетін толық пайдалануды тапсырды.