Қазақстанда жол апатына түскен жолаушылардың құқығы енді заң жүзінде қорғалмақ.
Мәжіліс осыған байланысты тасымалдаушыларды өз жауапкершілігін сақтандыруға міндеттейтін жаңа заң жобасын қолға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Құжат парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Мәжіліс депутаты Татьяна Савельеваның айтуынша, заң жобасы жол-көлік оқиғасында зардап шеккен азаматтардың құқығын күшейтуге бағытталған.
Жаңа заң бойынша міндетті сақтандырудың сақтандыру сомасы ұлғаяды. Сондай-ақ сақтандыру төлемдерін алуға құқы бар тұлғалардың саны көбейеді. Сақтандыру компанияларына апаттан көз жұмған жолаушылардың мұрагерлерін дереу хабардар ету міндеті жүктеледі.
Сонымен қатар, сақтандыру компанияларымен дау туындаған жағдайда азаматтарға тәуелсіз сараптама жасату мүмкіндігі беріледі.
Осылайша, «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» және «Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңдарға тиісті өзгеріс мен толықтыру енгізілмек.
Қазір заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысы да алынып қойды. Мәжілісте бұл құжатқа қатысты қорытынды әзірленіп жатыр.