Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бүгін кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, кезектілік тәртібімен жазылған өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жалпы 22 адам жазылса, оның 20-сы қатысып, талап-тілектерін жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдауға Сарыағаш, Отырар, Жетісай, Төлеби аудандары мен Шымкент және Түркістан қалаларынан азаматтар арнайы келіп, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік салалар мен өзге де мәселелерді көтерді. Мәселен, бір тұрғын жұмыс істеген кезеңдегі жалақыны ала алмауына шағымданса, енді бірі мектеп формасын алу мәселесін айтты. Сондай-ақ мектептің атауын өзгерту, мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру, білім ошағындағы ыстық тамақ мәселесіне қатысты түйткілдер де айтылды.
Тұрғындардың бірі ауыз су мәселесіне қатысты шағымданды. Білім саласындағы заңсыздықтар айтылып, әлеуметтік көмек алу бойынша өтініштер тыңдалды. Сонымен қатар жалпы психологтарға арналған оқыту бойынша ұсыныс берілді.

Түрлі арыз-шағымын ала келген азаматтарды мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың сұрағына заң аясында тұщымды жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мамандар мен сала басшыларына ертерек шешімін табуды тапсырды.
Осылайша түйткілдер «Ашық әкімдікте» ашық айтылып, біршамасы қабылдау барысында шешімін тапты. Қабылдауға облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс әкімінің орынбасары тарапынан тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіліп келеді. Алдағы уақытта мұндай қоғамдық қабылдаулар жалғасын табады.