Депутат Айдос Сарым Ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдап, елдегі ақпараттық кеңістікте күмәнді тренинг пен далбаса дәрістердің тым көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді, деп жазады Ertenmedia.
Оның пікірінше, бүгінде бұл мәселе жеке адамның таңдау еркіндігі шеңберінен шығып, тұтас қоғамға қауіп төндіретін «пандемияға» айналған.
«Кез келген әлемжеліні ашсаңыз жалған пайғамбарлар, ғалымсымақтар мен алаяқтар ұйымдастырған сансыз семинар, курс пен дәрістен көз сүрінеді. Осындай күмәнді схемаға алданып, мыңдаған адам жиған-терген табысынан айырылуда», – дейді депутат.
Сарымның айтуынша, кейбір тренингтер эзотерикалық қаржы пирамидасына айналып кеткен. Мұндай «менталды індет», «психологиялық есірткіге» тіпті тұтас ұжымдар мен отбасылар шырмалып қалған.
Бұған қоса, депутат мемлекетке қарасты компаниялар мен квазимемлекеттік сектор да тренинг пен тимбилдинг деген желеумен осыған репутациясы күмәнді коучтердің қызметін сатып алатынын, сол үшін қымбат қонақүйлерге тапсырыс беріп, бюджет қаржысын оңды-солды шашатынын сынады.
«Мемлекет қаржылық алаяқтықпен, киберқылмыспен, нашақорлықпен, түрлі сектамен арпалысып жатыр. Аталған қауіптің барлығын бойына жинаған осындай күмәнді топтар мен олардың төбе басында тұрған жетекшілермен неге күреспейміз?» – деген сауал қойды депутат.
Айдос Сарым министрліктен:
«Сюцай» секілді ұйымдардың қызметі мен олардың қоғамға әсері бақыланып отыр ма, мұндай ұйымдардың әрекетіне ғылыми тұрғыдан баға беріле ме, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіле ме және мемлекетте осы бағытта жұмыс істейтін білікті мамандар мен ғылыми ресурстар жеткілікті ме деген сұрақтарға жауап беруді талап етті.
Айта кетелік, бұған дейін Ertenmedia-ның телеграм арнасы «Атамекен» палатасының «сюцай» деп аталатын күмәнді ағым өкілдерін шақырып, бизнесмендерге тренинг өткізбек болғанын жазған еді. Толығырақ осы тұста.