16 қазанда әлемде Халықаралық нан күні аталып өтеді. Қазақстан нанды қадірлеген, диқандық дәстүрге берік ел, деп хабарлайды Ertenmedia.
Еліміз астық өндірісі бойынша дүниежүзілік нарықта сенімді орында тұр әрі өз тұрғындарын нанмен толық қамтамасыз етіп отыр.
Былтыр қазақстандық наубайханалар 510,1 мың тонна нан шығарса, биылғы сегіз айда бұл көрсеткіш 326,3 мың тоннаны құраған.
Қазақстандықтар көбіне қалыпқа салынған бидай нанын тұтынады, оның үлесі нарықтың 60 пайызын алып отыр. Дегенмен наубайшылар тек осы өніммен шектеліп отырған жоқ. Тұтынушы талғамына сай өнім түрін көбейтіп, тәтті тоқаштар, ұзақ сақталатын нан өнімдері мен кондитерлік тағамдарды да қатар шығаруда.
Аграрлық секторды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мысалы, жылына кемінде 2 мың тонна нан-тоқаш пен кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорындарға инвестициялық шығынның 25 пайызын мемлекет өтеп береді.
Сонымен қатар ұн өндірушілерге де жеңілдік қарастырылған. Салық кодексінің 411-бабына сай, бұл кәсіпорындарға қосымша құн салығының мөлшерлемесі 70 пайызға төмендетілген.
Қазақстан нан өнімдері бойынша ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр. Бір үзім нанның артында диқанның бейнеті, диірменшінің еңбегі, наубайшының қолтаңбасы және логистердің үлесі тұр. Осы үздіксіз тізбек арқасында халықтың дастарханы күн сайын қолжетімді әрі сапалы нанмен толығып келеді.