Алматыда 18-19 қазан күндері ірі ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы қала тұрғындарына Алматы облысының шаруалары 200 тоннадан астам табиғи әрі сапалы өнім ұсынады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жәрмеңке Қазыбек би көшесінің Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аумағында, КБТУ маңында ұйымдастырылады. Шараға өңірдің фермерлері мен шаруа қожалықтары тікелей қатысып, өз өнімдерін делдалсыз ұсынады.
Сатылымға қойылатын өнім түрлері кең. Атап айтқанда, 16 тонна ет, 1,6 тонна сүт өнімдері, 18,6 тонна картоп, 19,5 тонна пияз, 36,2 тонна көкөніс, 6 тонна күріш, 3,3 тонна бал, 26 тонна алма мен жеміс-жидек, сондай-ақ 50 тоннадан астам өзге тауарлар жеткізіледі.
Жәрмеңкенің басты артықшылығы – баға. Өнімдер қаладағы орташа нарықтық құннан шамамен 15 пайызға төмен ұсынылады. Бұл тұрғындар үшін қолжетімділік тұрғысынан тиімді.
Іс-шара Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің қолдауымен өтеді. Негізгі мақсат – жергілікті өндірушілерді қолдау, ішкі нарықты дамыту және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Мұндай жәрмеңкелер фермерлер үшін өнімін тікелей сатуға мүмкіндік берсе, қала тұрғындары үшін табиғи әрі балғын өнімді қолжетімді бағамен алудың тиімді жолына айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







