Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ-нің облыстық филиалы ашылып, осыған орай «Ұлт руханияты және Жәнібеков тағылымы» атты халықаралық форум өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынның негізгі мақсаты – қазіргі кезеңдегі сын-қатерлер жағдайында ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, білім мен тәрбиенің тұтастығын сақтау, тарихи тұлғалардың тағылымын кеңінен насихаттау.
Форумға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстаннан келген ғалымдар, академия мүшелері, жергілікті әкімдік пен білім саласының өкілдері, ақсақалдар, мұражай қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен педагогтер қатысты.
Іс-шарада «Ұлттық құндылықтар академиясының» төрағасы Әділхан Төлегенұлы сөз сөйлеп, Түркістанда филиал ашу маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ұлттық руханиятты жүйелі түрде дамытуға жол ашады.
«Бұл тек қуаныш емес, үлкен жауапкершілік. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді ол.
Филиал төрағасы Индира Сарқытқызы да форумның маңызын атап өтіп, мұндай алаңдардың тәжірибе алмасуға және ұлттық мұраны дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Форум аясында ұлттық құндылықтарға арналған кітап көрмесі мен қолөнер бұйымдарының экспозициясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар жаңа мүшелерге академия куәліктері табысталды.
Баяндамалар барысында Өзбекәлі Жәнібековтің мәдениет пен руханият саласындағы еңбегі кеңінен талқыланып, ұлттық құндылықтарды сақтаудың заманауи тәсілдері ұсынылды.
Бұл жиын Түркістанда ұлттық идея мен білім жүйесін байланыстыратын маңызды диалог алаңы ретінде бағаланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







