Маңғыстау футболының тарихы жаңа белеске көтерілді. Ақтаулық «Каспий» клубы 31 жыл күткен жеңіске қол жеткізіп, Премьер-лигаға қайта оралды. Бұл сәт аймақ футболының ғана емес, тұтас Маңғыстау халқының рухын көтерген тарихи күнге айналды. Уақыт пен тағдыр кейде бәрін сынға салады, бірақ өз қаласының намысын барын салып қорғаған ойыншылар ешқашан жеңілмейді. «Каспийдің» жеңісі соның айқын дәлелі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай командаға алғысын білдіріп, олардың жетістігін аймақтың мақтанышы деп атап өтті. Әкімнің айтуынша, 2025 жыл клуб тарихындағы ең табысты кезеңге айналды.
– Биыл «Каспий» футбол клубының тарихындағы ең табысты кезеңдердің бірі болды. Бір маусымда сіздер үш ірі нәтижеге қол жеткіздіңіздер! Жас қыздар құрамасының жеңісі, «Каспий-Жастар» командасының сенімді ойыны негізгі құрамның Премьер-лигаға қайта оралуына ықпал етті. Бұл ұйымшыл еңбектің, жанқиярлық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Сіздердің жеңістеріңіз Маңғыстау жастарына шабыт берді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Премьер-лигаға қайта шығу қажырлы еңбек пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің жемісі. Маусымдағы шешуші матч 25-турда өз алаңында «Шахтерге» қарсы өтті. 3:2 есебімен аяқталған ойын тек футбол тарихына ғана емес, жергілікті жанкүйердің жүрегіне де жазылып қалды.
Бірінші лиганың қорытындысы бойынша «Каспий» 65 ұпай жинап, көш бастады. Екінші орын «Ертіс» еншісінде, ал үздік үштікті «Шахтер» түйіндеді.
Футболда нәтиже бәрінен бұрын жүйелі еңбектің көрсеткіші. Ақтауда соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын жетілдіруге, балалар мен жасөспірімдердің жаттығу алаңдарын жаңартуға көп көңіл бөлініп келеді. Сол қолдаудың нақты жемісі – осындай жетістік.

Клубтың 2009-2010 жылы туған қыздар командасы ZHULDYZ LEAGUE B DIVISION чемпионатында үздік үштікке енді. Ал биыл ғана құрылған «Каспий-Жастар» құрамасы Батыс конференциясының вице-чемпионы атанды. Мұндай нәтиже өңірде футбол балалар мен жасөспірімдер арасында қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Маңғыстау футболы ешқашан оңай жолмен келген жоқ. 31 жыл бойы Премьер-лигадан тыс қалған команда талай сынақтан өтті, бірақ сенімін жоғалтпады. Қарапайым жанкүйер үшін «Каспийдің» қайта оралуы өмірдің өзінде табандылық пен үміттің жеңетінін дәлелдейтін оқиға. Енді алда жаңа белес, жаңа бәсеке. Команда Премьер-лигада аймақ намысын қорғап, үлкен ареналарда да өз ойынын көрсетпек.
Осылайша «Каспийдің» жеңісі Маңғыстаудың рухын тағы бір мәрте оятты. Алдағы маусым жаңа сынақтарға толы болатыны анық.