Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековелімізде су саласындағы негізгі бағыттарды іске асыру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Су кодексі қабылданды. Кодекстің негізгі қағидаттарының бірі халықтың ауыз суға әділ және тең қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуді бірінші кезекте жүзеге асыру болып табылады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес республика бойынша халықты 100% ауыз сумен қамту мақсатында су жүйелерін салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, мемлекет тарапынан халыққа ауыз судың құнын арзандату бағытында да қолдау шаралары қабылдануда. Су кодексіне сәйкес су шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаудың негізгі түрлерінің бірі ауыз судың құнын субсидиялау.
Министрлік тарапынан ауыз судың құнын субсидиялау тетігін іске асыру бойынша барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп, бекітілді. Атап айтқанда, субсидиялау қағидалары, бір текше метр ауыз су үшін төлем мөлшерін есептеу әдістемесі және елді мекендердің су жүйелерін субсидияланатын тізімге енгізу критерийлері қабылданды.
Төрағаның айтуынша, еліміздің өңірлеріндегі су тарифтері әртүрлі және ең алдымен су көзінің түріне, қашықтығына, желілердің ұзындығына және көрсетілетін қызмет көлеміне байланысты. Дегенмен, кейбір өңірлерде тарифтер халық үшін тым жоғары деңгейде қалып отыр.
Мәселен, Қостанай облысында топтық су таратқыштар арқылы ауыл тұрғындарын сумен қамтудың ұзындығы шамамен 1 000 км құрайды. Бір ауданның екі көршілес ауылында су тарифтері әртүрлі болуы мүмкін: субсидияланатын тізімге енгізілген ауыл тұрғындары 1 текше метр су үшін 100 теңге төлесе, тізімге енбеген ауыл тұрғындары толық тариф бойынша төлейді.